ОРАЛ. Наурыздың 18-і. - Футболдан биылдан бастап Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жетінші орын алу міндеті жүктеліп отыр.
Бұл туралы кеше, наурыздың 17-сінде өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ал келесі жылы жүлделі орындарға қол созу үшін жұмыс жасалатын болады. М.Оңдағановтың айтуынша, «Ақжайыққа» облыс әкімі, облыстық футбол федерациясының құрметті президенті Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Бапкерлер мен ойыншылар «Парк-отельде» тұрады, сонда тамақтанады. Жаттығулары да ойдағыдай, жалақы мәселесі шешілген.
«Ақжайық» футбол клубының бас директоры Рашид Хуснутдиновтің сөзіне қарағанда, командаға бас бапкер ретінде ресейлік белгілі маман, бірнеше елдің клубтарын жаттықтырып үлгерген Андрей Чернышов таңдалып алынды. Ойыншылардың дене тәрбиесі жағынан шыңдалуына Сергей Попков жауап берсе, кезінде «Ақжайық» қақпасының кілтін берік ұстаған, Оралдың өз адамындай болып кеткен Эдуард Столбовой негізгі және қосалқы құрамның қақпашыларын баптайды.
«Ақжайық» негізінен команда капитаны Абай Аманбаев, Артур Авакянц бастаған жергілікті ойыншылардан жасақталып отыр. Бір қуантарлығы, олардың дені жас, алды жастар арасындағы Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүр.
Сонымен қатар команда деңгейін көтере түсу үшін алыс-жақын шет елден бес бірдей ойыншы алынды.
Ойыншылардың барлығымен де келісімшарт жасалған. Егер жеңіске қол жеткізсе немесе сырт алаңда тең ойнағанда, қосымша сыйақы да төленеді.
Бас бапкер Андрей Чернышов та команданың премьер-лигада сәтті өнер көрсетуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Түркияда үш мәрте жаттығу жиынын өткізгенде де, ешқандай іркіліс болған жоқ. Бұл бапкер үшін де, футболшылар үшін де маңызды.
Бастапқы жиында-ақ ақжайықтық жас ойыншылардың аяқалысы ұнады. Басты мақсат - жақсы ойын өрнегін көрсетіп, неғұрлым көбірек ұпай жинап, белортадан табылу.
Премьер-лигада барлығы 12 команда шеберлік байқасады.
Көздері: ҚазАқпарат /Елжан Ералы/