Жаңалықтар
Портлет менюі
06/11/2015
«Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормалары мәселелері» республикалық дөңгелек үстел БАСПАСӨЗ  ПАРАҒЫ


Астана  қаласы                                                        2015 жылғы 11 қараша

Өтетін орны: «Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы», «Конституция» мәжіліс залы.
Басталуы: сағат – 15.00.
                  
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, 2015 жылғы 11 қарашада «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормалары мәселелері» атты республикалық дөңгелек үстел өткізеді.
Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсат-міндеттердің бірі терминологиялық лексиканы біріздендіру, салалық терминологияның нормативтік-лингвистикалық негіздерін қалыптастыру болып табылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа ел аумағындағы және жаһандық жаңалықтарды жеткізуші ғана емес, мемлекеттік оң саясатты насихаттаушы, ұлттық идеяларды таратушы қызметін атқарады. Бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылып жүрген тіл нормаларының тұрғындардың тіл мәдениетін көтеруіне тигізетін ықпалы ерекше. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік нормаларды жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру жұмыстары бүгінгі таңдағы қажетті шаралар болып отыр.
Дөңгелек үстелде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-әлеуметтік қызметіне, тілдік жанрлық ерекшелігінің әралуандығы мен күрделілігіне сәйкес  әдеби тіл нормаларын танытудағы доминанттық рөлін жетілдіру мәселесі көтеріліп, күнделікті баспасөз тілінің стильдік айырым белгілеріне әсер етіп отырған басқа да факторлар жан-жақты талқыланады деп күтілуде.   
Саладағы қордаланған мәселелерді талқылау мақсатында дөңгелек үстел жұмысына  Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, тіл білімі және журналистика саласының ғалымдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл саласына жауапты құрылымдардың басшылары мен мамандары қатысады.

Байланыс телефоны: 8(7172)74-05-03, 8701-798-01-63, 8-701-915-67-76