Жаңалықтар
Портлет менюі
06/11/2015
Орыстілді азаматтарға арналған «Қазақстанның болашағы –  қазақ тілінде» атты мемлекеттік тілді насихаттау бойынша ұйымдастырылған және өткізілген іс-шаралар жөніндегі БАСПАСӨЗ ПАРАҒЫ


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тапсырысымен Мемлекеттік тілдерді дамыту институты 2015 жылдың 2 қараша мен 5 қараша күндері аралығында "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" атты  мемлекеттік тілді насихаттау шараларын өткізді. Соған сәйкес 5 қараша күні Қарағанды қаласында, Ұлттық баспасөз клубында брифинг ұйымдастырылды.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 17-тармағына сәйкес Қарағанды облысында (Бұхар жырау, Осакаровка, Нұра аудандарында, Қарағанды, Шахтинск, Саран, Абай, Теміртау қалаларында, Шахтинск технологиялық колледжі, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті,   Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі, Теміртау политехникалық колледжі) орыстілді азаматтарға арналған насихаттау шаралары өткізілуі тиіс болатын.
Шараның мақсаты: орыстілді азаматтар арасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі, қазақ тілінің Қазақстандағы этностардың бірлігі мен ынтымағының кепілі ретіндегі, қазақ тілінің қоғамдық көпшілік орындардағы, қазақ тілінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі, патриоттық, қазақ тілінің ғылым-білім, жаңа технология саласындағы қызметтері т.б.  жайында сөз қозғау, пікір алмасу.
Қарағанды облысында да өзге орыстілді аймақтарда ұйымдастырып жатқан шаралар тәрізді дәстүрлі 12 кездесуден – шара дөңгелек үстел, кездесу, өзара пікіралмасу жиыны, көрме, брифингден тұрады. Брифингке Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Көшім Досмахамбет Қалмаханұлы, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қаңтарбекова Гүлнәрайым Хасенқызы, Ш.Шайсұлтанов атындағы орталық директорының орынбасары Қапалбеков Бижомарт Сейсенбекович, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық жұмыс департаментінің өкілі Муканова Гүлфариза қатысып, Қазақстанның болашағы мен қазақ тілінің дамуы жайында сөз қозғап маңызды жайттардан хабар берді. Шараның мақсатына сәйкес облыс азаматтарымен, тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы қазақ тілінің жағдайы мен болашақ Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайы қалай болмақ деген сауалға ашық жауап беріліп, түсіндіру, ашық айтып ой салу, сауатын ашу, Қазақстандағы соңғы алып отырған тенденциялармен таныстыру, алдағы уақытта жасалу керек шаралар мен бағыттар жайында терең сөз қозғау талай мәселенің жауабын тауып беруге бағытталған болатын. Сонымен қатар қатысушы азаматтардың ұсыныстары тыңдалып, алдағы уақытта ұйымдастырушы азаматтар тарапынан жоба, бағдарлама жасалып мемлекетке ұсынылу мәселелері қозғалды.
Брифинг барысында, әдеттегідей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жаңа жоба талқыланды. Жоба бойынша қазақ тілін меңгермеген азаматтар екі әлеуметтік топқа жіктелмек: біріншісі – этномәдени бірлестіктер мүшелері болса, екіншісі – жоғары оқу орындарындағы орыс тілді студенттер. Одан әрі қазақ тілін оқыту процестері басталмақ.


Байланыс телефондары: 8 747 277 68 67