Жаңалықтар
Портлет менюі
13/06/2018

Жаңа әліпбиге көшудің тұжырымдамасы бекітілді

 
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: жаңа қазақ әліпбиі және мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы» атты семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңес ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің құттықтау сөзімен ашылды.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура бір жыл толды. Мазмұнды мақалада көтерілген ұлттық кодымыз, төл тілімізге байланысты ел аумағында ауқымды шаралар қолға алынды. Соның бірегейі - қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Біз жаңа заман талабына сай, жаңғырудың жаңа жолына қадам бастық. Бұл жолда жоспарымыз айқын, бағытымыз белгілі. Сол елдік үрдіске үлес қосар нағыз қолдаушылары өздеріңізсіздер. Сондықтан баршаңызға алғысымды айта отырып, бүгінгі семинар-кеңес жұмысына сәттілік тілеймін,- деді Қ.Серікқазыұлы.
Шарада жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ұйымдастыру жұмыстары туралы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов баяндама жасады.
- Қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру жұмыстары үш кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде ғылыми жұмыстар атқарылады. Жаңа әліпбидің емле-ережелері, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерін жасау және т.б. жұмыстар жасалады. Екінші кезең 2021-2023 жылдары жүргізілсе, үшінші кезең 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтары қарқынды, жоспарлы жұмыс жасап келеді. Төрт жұмыс тобы да білікті мамандардан құралды. Алдағы уақытта осы төрт жұмыс тобының ортақ отырыстары өткізіліп, үйлестірушілік бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Барлық салаға әліпбиді уақытылы және сапалы енгізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жанынан Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына жаңа мәртебе беріліп, оның біліктілік деңгейі мен әлеуеті күшейтілуде. Нақты айтқанда, «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылуда,- деді ол.
Келелі кездесуде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының мемлекеттік тапсырма аясында әзірлеген ауқымды жобалары да көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтар болсақ, алғаш рет «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясы жарық көрді. Қазақ тілін оқытудың жаңа және тиімді әдістемесі «Қазақ сөзі» кешенінің 1200, 1500 сөзі мультимедиасымен бірге шықты. Жексенбілік мектептерге арналған «Ана тілінің» (Украин) оқу құралы мен оқу-әдістемелік құралы, этнос тілдерін үйретуге арналған «Балаларға базарлық» оқу құралы 17 тілде жарық көрді. Жалпы түрлі бағыттағы алпыстан астам кітап басылып шығып, мемлекеттік органдарға, облыстық тілдерді дамыту басқармаларына, облыстардағы әмбебап кітапханаларға таратылды.
Ағымдағы жылдың жаңалығы құжат тілін автоматтандырған «Qujat.kz» сайты іске қосылды. Сайтта қай салада болмасын қолданылатын құжаттардың қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген. Бұл елімізде алғаш рет қолға алынып отырған жоба.
Тіл үйренуге арналған ақпараттарды үш тілде жариялайтын және аудио, видео конттентті көбейтуге, ғаламтор желісінде еркін айналдыру арқылы мемлекеттік тілді үйретуге, насихаттауға бағытталған«Tilmedia.kz» сайты ашылды. Сайт көмегімен қазақ тілін орыстілді азаматтар да, мұхиттың арғы жағында жүрген қандастарымыз да үйрене алады. Сайтта латын, араб графикасы да орнатылған. Аталмыш сайт күллі қазақтың бір тілде түсінісуіне мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, бүлдіршіндеріміздің танымын дамытуға бағытталған «Balatili.kz» сайты да өз жұмысын бастады. Сайтта балаларға арналған қызықты тапсырмалар мен қазақ тіліндегі отандық анимациялық фильмдер орналастырылған.
Мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, насихаттауға бағытталған біршама іргелі жұмыстар атқарылды. Соның тағы да бір дәлелі – «Енші» тілдік-мәдени танымдық тележобасы мен «Сөз қазынасы» анимациялық фильмі.
Басқосуда ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Тілдерді дамыту және қолдану басқармасының басшысы Амангелді Қожабек ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мониторингінің нәтижелері бойынша Мемлекеттік бағдарламаның 2017 жылы орындалуы оң бағаға ие болды. Мемлекеттік бағдарламада 9 нысаналы индикатор, 12 нәтижелі көрсеткіш және 43 іс-шара қарастырылған. Нысаналы индикаторлар бойынша орындалу – 100 пайызды құрады. Мемлекеттік бағдарлама нәтижелі көрсеткіштерінің орындалуы – 75%. Іс-шаралар 100% орындалды. Өздеріңіз байқап отырғандай нәтижелі көрсеткішке толық қол жеткізілмеген. Мәселен, 2017 жылғы жоспар бойынша С1 деңгейінде мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер үлесі – 8%-ке жету қажет болса, нақты орындалғаны – 1,4%. Ал мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік ұйымдардағы қызметкерлер көрсеткіші – 7%-ке жету қажет болса, ол – 1,2%-ға орындалған. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі 2017 жылғы жоспарбойынша 10 пайызға жетуі қажет болса, нақты орындалу көрсеткіші 9,1 пайыз,- деп нақты статистиканы көрсетті.
Осылайша жиын барысында мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы сөз болып, мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау, лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу, ағылшын және басқа да шет тілдерін оқыту жайы талқыланды. Мемлекеттік бағдарламаның аймақтарда орындалу деңгейі таразыланды. Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Павлодар облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова мен Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова есеп берді.

Елімізде әліге дейін ономастика мәселесі оң шешімін таппағаны анық. Бірқатар облыстарда кешегі отаршылдық, кеңестік саясаттан қалған атаулар көптеп кездеседі. Сондықтан жер-су атауларына тарихи атау беру мәселесі жүйелі жүргізілуі тиіс. Басқосу барысында Тілдерді дамыту комитетінің ленгвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Гүлмира Құбашева аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстар мен түйіткілді мәселелерге кеңінен тоқталды.
- Қайта атау немесе жаңадан атау беру кезінде ағаттықтар жиі орын алады. Әсіресе, кісі есімдерін беруде субъективті қателіктер жібереді. Кейде Қазақстанның мәдени, экономикалық ілгерілеуіне үлес қосқан тұлғаларға емес, жергілікті орындарда лауазымды қызмет атқарған адамардың есімдерін мектептерге, көшелерге, тіпті ауылға беріп жатады. Негізі ономастикалық атаулар беру мәселесі жершілдіктен, рушылдықтан, ата жарыстардан аулақ тұрып, елдік мүдде тұрғысынан қарастырылуы қажет,- деді ол.
Жиын соңында ұсыныс, пікірге кезек берілді. Өз кезегінде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы тілді дамыту орталықтарының мәселесін көтерді.
- Біз қазақы орта оңтүстік пен батыста тіл мәселесі жоқ деген жаңсақ пікірге таңылғанбыз. Ал ақиқатында оңтүстіктің мәселесі де оңып отырған жоқ. Тіпті Оңтүстік Қазақстанда өз алдына тілді дамыту басқармасы жоқ. Ертең жаңа әліпбиді енгізгелі отырмыз. Ол үшін жұмыс жасайтын кім? Әрине, тіл мамандары. Ал олар бір орталыққа, бір шаңыраққа топтастырылуы қажет. Сондықтан оңтүстікте де өз алдына облыстық тілдерді дамыту басқармасының болуы шарт. Екінші, Министрліктердегі Тілдерді дамыту департаменттерін қайта ашу қажет. Себебі біздің 90 пайыздан жоғары қазақ жұмыс жасайтын министрліктеріміздің тілі, құжаты орыс тілінде. Үшінші, облыс орталықтары қайта ашылып, оларға Ш.Шаяхметов орталығы үлгі болуы тиіс, -деді.
Ал Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова мемлекеттік қызмет үшін тапсырылатын тестке міндетті Тіл заңы енгізілуі тиіс деген ұсыныс айтты.
Семинар-кеңесте мемлекеттік тіл төңірегіндегі талай түйінді мәселе көтерілді. Ономастика ахуалы мен термин түйіткілдері қаузалды. Облыстық тілдерді дамыту басқармаларының мүмкіндігі мен латынға көшудің кешенді жоспары талқыланды. Шара соңында модератор ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің тұжырымдамасы мен жұмыс кестесі бекітілгенін мәлімдеп, қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұқамедиұлының "Құрмет грамотасын" табыстады.