Жаңалықтар
Портлет менюі
28/01/2010

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Тіл саясатын жүзеге  асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының алғашқы отырысы Мәдениет және ақпарат Министрі М. Құл-Мұхамедтің басшылығымен 21 қаңтарда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткізілді.

Елбасының берген арнайы тапсырмасына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл саясатының алдағы кезеңдегі стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындап, оның негізгі басымдықтары мен нақты іскери  тетіктерін белгілейтін жаңа Мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісті.

Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобына ғылыми және шығармашылық,  әртүрлі әлеуметтік-саяси топтар мен мемлекеттік емес ұйымдар, саяси партиялардың өкілдері тартылып отыр. Бұл құрамға елімізге танымал ғалым-лингвистер, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, барлығы елуден астам азаматтар, енгізілді. Топ жетекшісінің орынбасары – «Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы М. Шаханов.

Мұндай ауқымды құрамдағы жұмыс тобы бұрын-соңды құрылмаған. Бұл – қоғамдағы тіл саясатына деген қазіргі терең алаңдаушылықты ескере отырып, елдік мұраттар мүддесіне негізделетін маңызды стратегиялық құжатты барынша ашық, әр алуан пікірлер мен ұсыныстарды жан-жақты назарға  алу жағдайында жүзеге асыруға билік тарапынан  шынайы ынталылық танытылуының бір белгісі.

Қазіргі уақыттағы басты принциптердің бірі – еліміздегі реформалардың барлығы бір ғана басты құжат – Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясының негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, тіл саясатының ерекше маңыздылығын ескере отырып, осы салада арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жөнінде Елбасы, Үкімет шешім қабылдап отыр.

Жалпы, Жаңа бағдарлама әзірлеу кезінде қоғамдық пікірге барынша кең көңіл бөлу жұмыс тобы қызметінің басты принципі болмақ. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша өткен жылы мақсатты түрде жүргізілген үш бірдей ғылыми-әлеуметтік зерттеу жұмысының қорытындылары да тиімді пайдаланылатын болады.  Олар еліміздегі жалпы тілдік ахуалды, оның ішінде мемлекеттік тілдің ресми мекемелердегі және қоғамдық өмірдің әртүрлі саласындағы қолданыс аясын, проблемалары мен перспективасын, көрнекі ақпарат және ономастика жайын, шет елдегі отандастарымыздың ана тілін сақтау мәселелерін талдауға арналған.

Отырыста тіл дамыту саласында жүзеге асырылған шаралар, жалпы республикадағы тілдік ахуал төңірегінде де пікір-алмасу болды.

Қазіргі уақытта орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс қағаздарында мемлекеттік тілдің үлесі 70 пайызға жуық болып отыр. Осыған байланысты министрлік тарапынан ай сайын мониторинг ұйымдастырылуда.

Республика аймақтарында жүзден астам мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, келесі 2011 жылға дейін олардың саны 120-ға жеткізілмек.

Тек 2009 жылы ғана әртүрлі салалардың ерекшеліктері ескеріліп, 260 мың таралыммен екі-үштілдік 8 түрлі сөздіктер шығарылды. Соның ішінде медицина, спорт, техника, құқық, ономастика, экономика салалары.

Интернет желісінде 2008 жылдан бері Мемлекеттік тіл порталы іске қосылып, көптеген тұтынушы азаматтар ондағы материалдарды пайдалануда. Қазіргі уақытта олардың ұзын саны 200 мыңнан асты.

Сондай-ақ әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай 19 атаулы өнімдерден тұратын Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі атты оқу-методикалық кешені әзірленіп шығарылды.

2009 жылы 10 сала бойынша жалпы таралымы 40 мың данамен қазақша-орысша тілдескіштер де әзірленіп, шығарылды.    
      

Жұмыс тобының алғашқы отырысында Жаңа бағдарламаның негізгі  бағыт-бағдары, құрылымы мен мазмұнына қатысты салиқалы пікірлер ортаға салынып, сонымен бірге арнайы топтың жұмысын оңтайлы ұйымдастыру жайы да жан-жақты талқыланды. 


Алматы қаласы,
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

Байланыс телефондары:

8 (7172) 74-05- 10, (тел/факс),
8-7017950574;