Мемлекеттік рәміздер
Портлет менюі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында "Қазақстан" деген жазу бар».

Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, эстетикалық әсері жөнінен Елтаңба мен Ту арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер Туда дүниеге көзқарастың жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, Елтаңба табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік (архитектуралық) композиция мен пішімге (формаға) қатысты ұғымдарға сәйкес айқындалады.

Елтаңба — бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб» (елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «Мұра» немесе «енші» мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін ерекше айрықшаландыратын «Тамға» атанған тотем белгісінің болғандығын тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастаған.

Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі.

ХІІІ-ХІV ғ. Орта Азия данышпаны Рашид ад Динның атақты қолжазбаларында түрік елдерінің басшысы Огызханның Ираннан Алтайға дейінгі жерлерді ұлдарына бөліп бергендігі туралы жазылған. Және ол хандық тамғаны дербес билік нышаны ретінде тапсырған.

Рулар мен тайпалар тамғаларын қазақтар да қолданған, сонымен қатар үлкен Еуразия құрлығында тұратын түркітілді этностар да қолданылады.

Әр түрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр, таңба ретінде қолданылған. Олардың кескіндемесінде суреттер, ежелгі жазу мен бейнелеу ескерткіштері жиі кездесіп отырады. Тамға тайпаның, рудың, отбасының және тағы басқа да меншіктікті білдіретін белгінің қызметін атқарған. Онымен жануарларды да таңбалаған. Бұл дәстүр ауылдық жерлерде тұратын қазақтарда әлі күнге дейін сақталған.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде Қазақстанда қалалар мен облыстардың елтаңбалары пайда болды. Ресей империясының құрамына кіретін еліміздегі барлық облыстар мен қалаларда біртұтас елтаңба үлгісін қолданды. Ресей империясы заңдарының толық жинағында Қазақстанның бірқатар облыстары мен қалаларының (16 уездік және округтік қалаларының) елтаңбаларының үлгісі келтіріледі. Қазақстанда ең бірінші болып 1842 жылы 7 қыркүйекте Петропавловск қаласының елтаңбасы арнайы бекітілді.

Кеңес үкіметі кезінде елтаңбаларды бір жүйеге түсірушілік болды. Қазақ КСРО-сінің жалпы елтаңбасының кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» деген жазудан тұрды. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында — «КССР» және «ҚССР» жазуы болған.

Егеменді, дербес Қазақстанның елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түсте күн сәулесі шашырап тұрғандай әсерде шаңырақтың суреті бейнеленген (киіз үйдің жоғарғы бөлігі). Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты пырақ бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде үлкен бес бұрышты жұлдыз бейнеленген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған «Қазақстан» сөзі бар.

Көркемдік тұрғысы жан-жақты көзқарастың дәлме-дәл бірегей үндестігін тапқан. Шаңырақ — киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі.

«Шаңырақ» сөзі «чакра» сөзінен шыққан, санскритте «дөңгелек» мағынасын береді. Ал философиялық мағынасы — «Күн дөңгелегі». Сол үшін шаңырақтың күн көзін бейнелеуімен қатар шаңырақтан түскен күн сәулесімен дала уақытын біліп отыруы да кездейсоқтық емес.

Тотемдік маңызы бар нышан ретінде шаңырақты ежелгі бабаларымыз құрметтеген. Республикамыздың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны бір, Қазақстан біздің ортақ үйіміз деген мағынаны береді. Оның бақыты шаңырақтың мықтылығы уықтардан тұратыны сияқты әр адамнан тұрады. Мемлекеттің болашағы бірлік пен татулықтан тұрады.

Мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі — Мемлекеттік Елтаңбадағы тұлпар маңызды геральдикалық бөлшегі болып табылады және белгілі бір идеялардың рөлін атқарады. Тұлпардың бейнесі ежелгі дәуірден бері күштілік пен қайсарлықтың ұғымын берген. Оның қанаты көпұлтты Қазақстан халқының мықты әрі жан-жақты көркейген мемлекетке айналуының бейнесі ретінде берілген. Әлемдік өркениетке жетуді, жарқын болашаққа талпынушылық пен арман-мақсатты, сондай-ақ даму мен үлкен мақсаттарға жетудің мәнін береді. Сол үшін Мемлекеттік Елтаңбадағы қанаттардың символикалық маңызын мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейлік ойлары мен қарапайым азаматтық талпыныс деп түсіну қажет.

Мемлекеттік Елтаңба бейнесінің тағы да бір бөлігі бар, ол — бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыз — өмірге жетекшілік ететін, көтеріңкілікке, талпыну мен мәңгіліктің, биліктің нышаны ретінде бейнеленген. Жұлдыз тек Ресейдің ғана мемлекеттік геральдикасына тән нышан болып табылмайды, оны Ресейдің революциялық нышанына алғаш рет орыс дворяндары енгізді және ол Ресейдің мемлекеттік елтаңбасында бірден пайда болған жоқ. Бұл бейнені аударылған және ассимметриялы түрде қолдануға болмайды. Бесбұрышты жұлдыз ақиқат әлемдегі — «Таң жұлдызын» бейнелейді. Мемлекеттік елтаңбадағы жұлдыз бейнесі барлық қазақстандықтардың қазіргі жаңа жоғары өркениеттілік және дамыған мемлекеттермен қоғамдастыққа бірігудің ардақты арманын, сонымен бірге барлық ғаламшардағы құрлықтардың барша халқына ашық екендігін бейнелейді.

Мемлекет атауының өзі де оның лингвистикалық, этномәдени, символикалық белгісі болып табылады. Ол өзінің саяси мағынасы және елдің конституциясы екенін анықтайды. Біздің елдің атауы — Қазақстан — мемлекеттің атауы сияқты, ХV-ХVІ ғасырлардан бастау алған қазақ ұлтымен байланысты тарихи түпнұсқалардан жиі кездеседі.

Мемлекеттік Елтаңба бейнесіндегі қолданылған басты түс — алтын түсті болып табылады, ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін көрсетеді.

Мемлекеттік елтаңбада, сонымен қатар, байрақтың түсі аспан түстес көгілдір болып келеді, ол алтын түспен сәтті үйлескен.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков және Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.

Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков — Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Екпінді ауылында туған. Ташкент политехникалық инстутының сәулет факультетін бітірген. Жобалардың Бас сәулетшісі, Өзбек өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі.

Әндіжан қаласындағы әуевокзалдың, Ферғана қаласындағы облыстық поштаның, Самарқанд қаласындағы драма театр мен орталық кітапхана, Анғара, Ферғана және Самарқанд қалалары шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарының жобаларына қатысқан.

Шот — Аман Ыдырысұлы Уәлихан — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері. 1932 жылы 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында туған. Қазақ қала құрылысын жобалау институтында қызмет етті, Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы.

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау республикалық қоғамының төрағасы. Алматы қаласындағы Т. Бокин, Ә. Жангелдин, Ш. Уәлиханов ескерткіштерінің — басты салушыларының бірі,, «Динамо» стадионын жобалау бойынша шығармашылық топқа қатысушы. Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі авторлар шығармашылық тобының жетекшісі.