Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақты
айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар
қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында "Қазақстан"
деген жазу бар».
Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, эстетикалық әсері жөнінен Елтаңба мен Ту
арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер Туда дүниеге көзқарастың
жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, Елтаңба
табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік
(архитектуралық) композиция мен пішімге (формаға) қатысты ұғымдарға
сәйкес айқындалады.
Елтаңба — бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб»
(елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «Мұра» немесе «енші»
мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады.
Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін
ерекше айрықшаландыратын «Тамға» атанған тотем белгісінің болғандығын
тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла
бастаған.
Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні
ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі.
ХІІІ-ХІV ғ. Орта Азия данышпаны Рашид ад Динның атақты қолжазбаларында түрік
елдерінің басшысы Огызханның Ираннан Алтайға дейінгі жерлерді ұлдарына
бөліп бергендігі туралы жазылған. Және ол хандық тамғаны дербес билік
нышаны ретінде тапсырған.
Рулар мен тайпалар тамғаларын қазақтар да қолданған, сонымен қатар үлкен
Еуразия құрлығында тұратын түркітілді этностар да қолданылады.
Әр түрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр, таңба ретінде
қолданылған. Олардың кескіндемесінде суреттер, ежелгі жазу мен бейнелеу
ескерткіштері жиі кездесіп отырады. Тамға тайпаның, рудың, отбасының
және тағы басқа да меншіктікті білдіретін белгінің қызметін атқарған.
Онымен жануарларды да таңбалаған. Бұл дәстүр ауылдық жерлерде тұратын
қазақтарда әлі күнге дейін сақталған.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде Қазақстанда қалалар
мен облыстардың елтаңбалары пайда болды. Ресей империясының құрамына
кіретін еліміздегі барлық облыстар мен қалаларда біртұтас елтаңба
үлгісін қолданды. Ресей империясы заңдарының толық жинағында
Қазақстанның бірқатар облыстары мен қалаларының (16 уездік және округтік
қалаларының) елтаңбаларының үлгісі келтіріледі. Қазақстанда ең бірінші
болып 1842 жылы 7 қыркүйекте Петропавловск қаласының елтаңбасы арнайы
бекітілді.
Кеңес үкіметі кезінде елтаңбаларды бір жүйеге түсірушілік болды. Қазақ
КСРО-сінің жалпы елтаңбасының кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ
пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық
елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» деген жазудан тұрды. Елтаңбаның
жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында — «КССР» және
«ҚССР» жазуы болған.
Егеменді, дербес Қазақстанның елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары
атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов болып
табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір
түсте күн сәулесі шашырап тұрғандай әсерде шаңырақтың суреті бейнеленген
(киіз үйдің жоғарғы бөлігі). Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік
қанатты пырақ бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде үлкен бес бұрышты жұлдыз
бейнеленген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған «Қазақстан» сөзі
бар.
Көркемдік тұрғысы жан-жақты көзқарастың дәлме-дәл бірегей үндестігін тапқан.
Шаңырақ — киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау
алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі.
«Шаңырақ» сөзі «чакра» сөзінен шыққан, санскритте «дөңгелек» мағынасын береді. Ал
философиялық мағынасы — «Күн дөңгелегі». Сол үшін шаңырақтың күн көзін
бейнелеуімен қатар шаңырақтан түскен күн сәулесімен дала уақытын біліп
отыруы да кездейсоқтық емес.
Тотемдік маңызы бар нышан ретінде шаңырақты ежелгі бабаларымыз құрметтеген.
Республикамыздың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі —
Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны бір, Қазақстан біздің ортақ
үйіміз деген мағынаны береді. Оның бақыты шаңырақтың мықтылығы уықтардан
тұратыны сияқты әр адамнан тұрады. Мемлекеттің болашағы бірлік пен
татулықтан тұрады.
Мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі — Мемлекеттік Елтаңбадағы тұлпар маңызды
геральдикалық бөлшегі болып табылады және белгілі бір идеялардың рөлін
атқарады. Тұлпардың бейнесі ежелгі дәуірден бері күштілік пен
қайсарлықтың ұғымын берген. Оның қанаты көпұлтты Қазақстан халқының
мықты әрі жан-жақты көркейген мемлекетке айналуының бейнесі ретінде
берілген. Әлемдік өркениетке жетуді, жарқын болашаққа талпынушылық пен
арман-мақсатты, сондай-ақ даму мен үлкен мақсаттарға жетудің мәнін
береді. Сол үшін Мемлекеттік Елтаңбадағы қанаттардың символикалық
маңызын мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейлік ойлары мен қарапайым
азаматтық талпыныс деп түсіну қажет.
Мемлекеттік Елтаңба бейнесінің тағы да бір бөлігі бар, ол — бес бұрышты жұлдыз.
Жұлдыз — өмірге жетекшілік ететін, көтеріңкілікке, талпыну мен
мәңгіліктің, биліктің нышаны ретінде бейнеленген. Жұлдыз тек Ресейдің
ғана мемлекеттік геральдикасына тән нышан болып табылмайды, оны Ресейдің
революциялық нышанына алғаш рет орыс дворяндары енгізді және ол Ресейдің
мемлекеттік елтаңбасында бірден пайда болған жоқ. Бұл бейнені аударылған
және ассимметриялы түрде қолдануға болмайды. Бесбұрышты жұлдыз ақиқат
әлемдегі — «Таң жұлдызын» бейнелейді. Мемлекеттік елтаңбадағы жұлдыз
бейнесі барлық қазақстандықтардың қазіргі жаңа жоғары өркениеттілік және
дамыған мемлекеттермен қоғамдастыққа бірігудің ардақты арманын, сонымен
бірге барлық ғаламшардағы құрлықтардың барша халқына ашық екендігін
бейнелейді.
Мемлекет атауының өзі де оның лингвистикалық, этномәдени, символикалық белгісі
болып табылады. Ол өзінің саяси мағынасы және елдің конституциясы екенін
анықтайды. Біздің елдің атауы — Қазақстан — мемлекеттің атауы сияқты,
ХV-ХVІ ғасырлардан бастау алған қазақ ұлтымен байланысты тарихи
түпнұсқалардан жиі кездеседі.
Мемлекеттік Елтаңба бейнесіндегі қолданылған басты түс — алтын түсті болып табылады,
ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін
көрсетеді.
Мемлекеттік елтаңбада, сонымен қатар, байрақтың түсі аспан түстес көгілдір болып
келеді, ол алтын түспен сәтті үйлескен.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібекұлы
Мәлібеков және Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.
Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков — Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1942 жылы
24 наурызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Екпінді ауылында туған.
Ташкент политехникалық инстутының сәулет факультетін бітірген.
Жобалардың Бас сәулетшісі, Өзбек өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу
институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі.
Әндіжан қаласындағы әуевокзалдың, Ферғана қаласындағы облыстық поштаның,
Самарқанд қаласындағы драма театр мен орталық кітапхана, Анғара, Ферғана
және Самарқанд қалалары шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарының
жобаларына қатысқан.
Шот — Аман Ыдырысұлы Уәлихан — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері. 1932 жылы 26 сәуірде
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында туған.
Қазақ қала құрылысын жобалау институтында қызмет етті, Алматы қаласы бас
сәулетшісінің орынбасары, Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау республикалық қоғамының төрағасы.
Алматы қаласындағы Т. Бокин, Ә. Жангелдин, Ш. Уәлиханов ескерткіштерінің
— басты салушыларының бірі,, «Динамо» стадионын жобалау бойынша
шығармашылық топқа қатысушы. Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі
авторлар шығармашылық тобының жетекшісі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн,
оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата.
Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді.
Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен
ұзындығының арақатынасы — 1:2».
Мемлекеттік Туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес.
Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол — адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны.
Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен
береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға мегзейді.
Аспанкөк түс — қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы,
мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді.
Байрақ бетіне әр түрлі нышандардың суретін салу бұрыннан бар үрдіс.
Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл
арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі
болып табылатын ұлттық өрнек — сондай айтары мол астарлы айшықтар.
Олармен бірге халқымыздың тарихи зердесі де қайта оянғандай.
Күн бейнесі — байлық пен берекенің белгісі. Оның графикалық бейнелеуі (шеңбер)
өміршеңдік нышаны деп саналады.
Қыран бүркіт бейнесінің нышандық мәні әдетте билік, көрегендік пен кеңдік,
күш-қайрат ұғымдары арқылы айқындалады. Бұрынғы әлемдік тәжірибеде рәміздерде
бүркіт бейнесін бедердеу кезінде оның сұсы мен айбынын, жыртқыштық белгілерін
ерек танытуға ұмтылыс басым болатын.
Қазақстан Туында бұл бейне мүлдем жаңа көркемдік шешім тапты. Біріншіден — бейбіт,
салмақты мінез сипаты сезіледі. Екіншіден — ол күн астында тұр. Қанатында Прометей
алауын, бақыт нұрын алып келе жатқандай әдемі әсер қалдырады. Үшіншіден — қозғалыс
үстінде бейнеленген. Асқар арман, асыл мақсатқа құлаш ұрып келе жатқандай.
Рәміздік тұрғыдан алғанда бақыт пен берекеге, өркениет биіктеріне ұмтылған ел мұратын,
халық аңсарын аңғартады.
Ту — бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен ерекшелігін айқындайтын нышандардың бірі.
Ерте дәуірлерде ту мемлекеттік құрылыс ұқсастығын айқындау және халықты біріктіру
қызметін атқарды
Ең көне ту жобамен б. э. д. 3000 жыл бұрын жасалған, ол Иран территориясында 1972
жылы табылған. Бұл 23×23 сантиметр, бүркіт, екі арыстан, үш әйел құдайы және өгіз
бейнеленген металдан жасалған бұйым.
Тарихы ұқсас мемлекеттердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде
табынатын жануарлардың яғни, грифондар мен бүркіттің, ілбіс пен жолбарыстың немесе
түрік-номадтың сенімді серігі — жылқының нышандары бейнеленген. Бұл факт түркі
халықтарының рухани және мәдени ұқсастығын білдіреді.
Қазақстан жерінде қоныстанған біздің эрамызға дейінгі ІІІ- VIII ғасырларда сақ-сармат
тайпаларының өз жалаулары болғандығы жөнінде деректер сақталған.
Көшпенді-ғұндардың ақ жалаулары, қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың
бабалары саналатын түркілердің тулары көгілдір, жасыл, сары және тағы басқа түсті болған.
Мемлекеттік нышандар бойынша мұрагерлік қыпшақ-қимақ тайпаларында да сақталған.
Шыңғысханның жалауы үшбұрышты ақ түсті, аңшы сұңқар бейнеленген, ұлы жорықкердің
түсін бейнелейді. Тудің түсін анықтау сол кездегі тарихпен айқындалады. Қазақстан
территориясын 600 жылға жуық уақыт Шыңғысхан ұрпақтары билеген. Ақ Орданың,
Алтын Орданың және қазақ хандары мен сұлтандарының да туының түстері ақ түсті болған.
Мәселен, осы уақытқа дейін Абылай ханның (ХVIII ғасыр) ақ туы халық жадында сақталған.
Орталық Азия билеушісі Әмір Темірдің жалауының түсі де түркілердің, хазарлар мен
селжүгіттердің жалауы секілді көгілдір-аспан түсті.
Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін жаңа мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі пайда
болды, бұның өзі мемлекеттік рәміздерімізге өз әсерін тигізді.
Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік
Республикасының мемлекеттік нышандарын пайдаланды. Туда үш көлденең сызық сызылған,
жоғарғы және төменгісі қызыл түсті, ортасы көкшіл түсті. Жоғарғы бөлігінде орақ
пен балға және астында қызыл жұлдызша бейнеленген.
1992 жылы Шакен Ниязбеков жасаған Мемлекеттік Ту бекітілді.
Мемлекеттік туды даралап тұрған тағы бір белгі — оның сабына таяу тік тартылған
ұлттық өрнекті («Қошқар мүйіз») жолақ. Бұл өрнек сонау сақ дәурінен белгілі.
Сәулет өнері туындыларында қазір де қолданылады. Алтынмен айшықталып, көз жауын
алардай әдемі зерленген рәміздік жеке белгілердің бояуы Мемлекеттік Тудың шымқай
зерен көк реңімен әдемі үйлесім тапқан.
Негізгі бөлігін түсті мата құрайтын Мемлекеттік Тудың басқа атрибуттарының да
өз атаулары бар. Олар — тутаяқша (древок), ұшарбас (навершие), бау (лента),
шашақ (бахрома), тутұғыр (флагшток), тужиек (кайма), т. б.
Түсті мата тартылатын тутаяқша ағаштан немесе металдан жасалады. Ұшарбас оған
шығырмен бекітіліп, тудың ажарын аша түсуге қызмет етеді. Ол ұлттық ою-өрнек
стилінде жасалған найза тәрізді болып келеді. Оған тартпа жіп пен бау тағылады.
Шашақ дегеніміз Тудың негізгі бөлігін — түсті матаны жиектеп көмкерген тоқыма
әшекей, ал тутұғыр деп жиек (кайма) болмаса — түсті матаның шетіндегі түсі бөлек жолақша.
Тудың қасбетіндегі (оң бет — түсті матаның тура қараған кезде тутаяқшадан оңға
қарай жазылған жағы) әр алуан бейнелер мен жазулар тоқу, бояу және жапсырма
(аппликация) әдістерімен түсіріледі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков
Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін
қалаушылардың бірі.
1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келді. В.И.Мухин атындағы
Ленинград жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Алматы қаласының
бас суретшісі.
Негізгі шығармашылық жұмыстары: Тараз қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы кинотеатрдың
кешенді дизайны (1979, А. Симоновпен, В. Кузьминмен бірге), «Волоколам бағытында.
Генерал-майор И. Панфилов пен қолбасшы Б. Момышұлы ескерткіші (1985)», «Жамбыл»,
«Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов», т. б. көркем полотнолар.
Чехословакияда өткен Халықаралық байқаудың алтын медалін (1961) және
Санкт-Петербургте өткен плакаттар байқауының бірінші жүлдесін (1982) жеңіп алған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Әнұран Мәтіні
??????
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Әнұран Сипаттамасы
??????
Әнұран — бұл дыбыстық рәміз, әлеуметтік-саяси бірігуде және еліміздегі
азаматтарды этномәдени біртұрпаттылықта айтарлықтай мағына береді.
«Әнұран» терминінің өзі гректің «gimneo» сөзінен алғанда «салтанатты ән» дегенді білдіреді.
Кез-келген халықтың тарихында музыкалық шығармалар бар, ол тарихтың
белгілі бір уақытында халықтың гимні болған. Осындай ән қазақ халқында да бар.
Ол Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге
арналған «Елім-ай» әні, оны ХVІІІ ғасырдың атақты батыры, ақын-сазгер
Қожаберген жырау Толыбайұлы жазған.
Қазақстан Ресей империясының құрамында болған кезде қазақтардың бірыңғай
әнұраны болмады. Қазақтарды ұлт-азаттық көтерілістерге қарсы қайсар ерлікке
рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жеке әндері ғана болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көпғасырлық
арманы — азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады.
Соған байланысты 1992 жылы республика әнұран мәтіні мен әніне конкурс жарияланды.
Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт атақты ақын:
Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра
Дәрібаевалар жеңіске жетті. Қазақстан әнұранының әнін алғаш жазған авторлар
Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.
2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.
Жаңа әнұранның негізі өткен ғасырдың екінші жартысының елуінші жылдарындағы
бақытты өмірді жырлаған, халыққа танымал патриоттық ән — «Менің Қазақстаным».
Бұл ән — жалынды жастықтың әнұраны, халық жанының нағыз поэмасы болып танылған.
2006 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында
«Мемлекеттік нышандар туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілді. Еліміздің жаңа
әнұраны болып атақты ән — «Менің Қазақстаным» («Мой Казахстан») болды.
Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған ән ондаған жылдар
халық арасында кеңінен таралды. Қазақстан әнұранының сөзін уақыт өлшемімен
үндестірген бірлескен автор — еліміздің Президенті.
Парламент палаталарының депутаттары бірауыздан осы идеяны қолдады. Бұдан
кейін жаңа әнұран 2006 жылғы 7 қаңтардағы "Конституциялық заң күшіне ие
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгерістер мен толықтыру
енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы»
Елбасы қол қойған № 112-ІІІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының конституциялық
заңмен бекітілді. 2006 жылдың 10 қаңтары — ресми жариялау күні — тарихқа
еліміздің жаңа әнұранының туған күні ретінде жазылып отыр.
Музыкалық-поэзиялық нышанның алғашқы ресми орындалуы «Ақ Орда» Президент
сарайында Астанада еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ресми инаугурациясы кезінде болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторлары болып Шәмші Қалдаяқов,
Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев табылады.
Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов — композитор, Қазақстан Республикасының халық әртісі,
Жастар одағы сыйлығының лауреаты. 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар
ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қапланбек зооветеринарлық техникумын,
Ташкенттегі Хамза Ниязы атындағы музыкалық училищені, Алматы қаласындағы
Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген.
Оның шығармашылық қызметі 1950 жылдан басталады. Халық арасында
«Қазақ вальсінің королі» ретінде танымал композитор 300-ден астам ән жазған.
Солардың ішінде халық арасында танымал «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу»,
«Қайықта», «Ана туралы жыр», «Ақ ерке — ақ Жайық», «Әнім сен едің», «Ақ бантик»,
«Кешікпей келем деп ең», «Қайдасың», «Цыған серенадасы» сияқты белгілі музыкалық
шығармалар бар. Композитордың шығармалары «Әндер», «Бақыт құшағында», «Шәмшінің әндері»,
«Шәмші» атты жәке әндер жинақтарында шығарылған.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов — белгілі ақын, Жастар сыйлығының лауреаты.
1935 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келген.
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияны халық аспаптары класы
бойынша, Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғарғы
әдебиет курсын бітірген. «Жазушы» баспасында, «Лениншіл жас» газетінде,
Қазақстан Жазушылары одағында, Баспа қызметі жөніндегі мемлекеттік
комитетте және «Мектеп» баспасында жұмыс істеген.
«Балауса», «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жоқ, ұмытуға болмайды»,
«Жарық пен жылу» және т. б. шығармалары бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — экономика ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.
1991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті.
Көптеген ғылыми және әдеби еңбектердің авторы: «Қазақстан экономикасы
ақиқат және қалыптастыру мүмкіндіктері», «Әділеттің ақ жолы»,
«Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл»,
«Еуразия жүрегінде» және тағы басқа кітаптар. Халық арасында
танымал «Менің елім», «Үш қоңыр», «Жерім менің» патриоттық әндердің сөзінің авторы.
Еңбектері мен шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
|